Төреқұлов төрге сүйреген әліпби

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деген болатын.

Мамандардың айтуынша, латын әліпбиіне көшкенде ұтатын тұстарымыз: бірінші, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Төртінші, түбі бір түркі дүниесі, негізінен латынды қолданды. Бізге ол елдермен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты күшейту керек.

Латын әліпбиіне көшу мәселесі өткен ғасырдағы қазақ зиялыларының арасында да тартысқа толы мәселе болғаны белгілі. 1923-1926 жылдар аралығында қазақ зиялыларының әліпби мәселесіндегі көзқарас, пікірлері екіге бөлінді. Дәлелге сүйенсек, 1923 жылдың ақпанында Нәзір Төреқұлов Ұлт істері жөніндегі Халық комиссариатының жанындағы араб әрпін өзгерту комиссиясының мәжілісін Мәскеуде өткізіп, Орта Азияны бірыңғай әліппеге көшіру үдерісіне белсене кірісті. Бірақ, Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш зиялылары бұл бастаманы құптамады. Олар араб графикасының өміршеңдігін алға тартты. Бір жыл өткен соң, 1924 жылы маусым айында Орынборда өткен қазақ білімпаздарының I съезінде Нәзір Төреқұлов: «Біз латын қарпін қазаққа күштеп алдырғалы отырғанымыз жоқ. Латын қарпін үйрену, жазу қазаққа тым пайдалы, жеңіл. Латын әрпін қазір аламын, үйренемін деушілерге бөгет болмасқа тиіс. Мектептегі оқушыларға таныстыру үшін осы бастан қазақ әліппесінің жанынан тіркеп, бір-екі әңгімелерді латын қарпімен жазып, балалардың көздерін үйрете беру керек» деп көпшілікке ой тастады. Бірақ, осы съезде ұлт зиялылары Ахмет Байтұрсыновтың ұсынған қазақ графикасын қабылдады.

Дегенмен, латыншаға өту үдерісі біршама баяулау болса да жүзеге асты. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып келді. Ал, 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшу туралы» заң қабылданды.

Нәзір Төреқұлов латын әліпбиіне көшуде бастамашы ғана болған жоқ, сонымен қатар қабылданатын әліпбиді талқылаушылардың бірі, сыншысы бола білді. Ол латыншаға өтудің ғылыми дәйектемесін әзірледі. «Жаңа әліппе. Үлкендер үшін» кітапшасын жарыққа шығарды. Араб әріптеріндегі қазақ дыбыстарын толық қамтитын латын әліпбиі негізіндегі жаңа мінсіз әліпбиді ұсынды. Оның ортақ түркі әліпбиі мәселесіндегі ой-пікірлері осы күнде де маңызды деуге болады.

Айгүл ИСАБЕКОВА,

Н.Төреқұлов музейінің қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *