КӨП ТІЛ БІЛУ – ӨЗ-ӨЗІҢЕ КӨП МҮМКІНДІК ЖАСАУ

Тіл – халықтың басты қарым-қатынас құралы болып табылады. «Балық тілсіз болса да, халық тілсіз болмайды» деген Қадыр Мырза Әлидің нақылындағыдай, тілсіз халық түгіл жеке тұлға өмірін елестету қиын. Толыққанды адам ретінде өмір сүрудің негізгі кілті – қоршаған ортамен байланыс болса, бұл байланысты қамтамасыз ететін басты элемент – тіл. Қазіргі уақытта бүкіл әлемде адамдар сөйлейтін 7000-нан астам тіл бар. Өкінішке орай, бұл көрсеткіш ай сайын азайып келеді. Бұл тілдердің 90% -ында 100 000-нан аз адам сөйлейді.

Әлемдегі ең көп сөйлейтін тілдер төменде көрсетілген.

Қытай тілі. Әлемде 1,3 млрд адам осы тілде сөйлейді. Қытай тілі Қытай, Тайвань және Сингапурдың ресми тілі болып табылады. Ол әлемдегі ең қиын тіл болып саналады.

Ағылшын тілі. 600 миллион адам осы тілде сөйлейді. Әлемдегі ең кең таралған тіл: 106 ел ағылшын тілінде сөйлейді. Ағылшын тілі Ұлыбританияда ресми және негізгі тіл болып табылады.

Хинди тілі. 490 миллион адам осы тілде сөйлейді. ​​Үндістан, Непал, Бангладеште және Пәкістанда хинди тілі қолданыста. Көпшілік хинди көп ұзамай Қытай тілін басып озады деп болжайды.

Испан тілі. Әлемде 427 миллион адам осы тілде сөйлейді. Әлемнің 31 елі испан тілінде сөйлейді. Испан тілі  БҰҰ, Еуропалық Одақ және Оңтүстік Америка Ұлттар Одағы сияқты халықаралық ұйымдардың ресми тілі.

Араб тілі. Әлемдегі 58 елде 267 млн адам өсы тілде сөйлейді. Әсірсе, Сауд Арабиясында, Иракта, Кувейтте, Сирияда, Ливанда, Иорданияда және Египетте кең қолданылады.

174Орыс тілі. Әлемнің 17 елінде 260 млн адам сөйлейді. Орыс тілі Ресейдің, Қазақстанның, Беларусьтің, Қырғызстан мен Тәжікстанның ресми тілі. Бұл тіл – БҰҰ-ның алты ресми тілінің бірі.

Бенгал тілі. Бангладеште және Үндістанның кейбір штаттарында 250 миллион адам осы тілде сөйлейді. Бангладеште бенгал тілі ресми тіл, ал Үндістанда танымалдылығы жағынан екінші тіл.

Португал тілі. Әлемнің 12 елінде 240 млн адам осы тілде сөйлейді.

Индонезия тілі. Әлемдегі 16 елде 200 млн адам қолданады.

Француз тілі. ​​53 елде 150 млн адам француз тілінде сөйлейді. Негізінен Францияда қолданылады. Француз тілі – көптеген халықаралық ұйымдардың ресми тілі: Еуропалық Одақ, Халықаралық Олимпиада комитеті және БҰҰ.

Жаһандану заманында тіл білу басты шарттардың біріне айналған. Ой өрісіңмен тұлғалық даму жолыңда әр ұлттың тілдерін жетік меңгеру карьералық баспалдағыңа өсу мен жетістікке жету жолыңда шамшырақ болады. Тіл үйрену арқылы сен өзге елдің сөйлеу өнерімен бөлек мәдениеті мен тарихына да үңіліп, таныс боласың. Тіл тағдыры ел тағдырымен біртұтас болғандықтан, тілдің мәңгі жасауы халықтың ұлттық құндылықтарын жоғарғы дәрежеде дәріптеуімен сипатталады. Дербес еліміздің тарих тамыры тереңге бойлаған, қасиет оты еш сөнбес ұлттық тілімізді барынша насихаттауымыз керек деп білемін. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген өлең жолдары текке айтылмаса керек. Бүгінде мектеп қабырғасынан бастап, үштілді білім беріліп жатыр. «Қазақстан бүкіл әлемде үш тілді пайдаланып жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар, қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» – деп Елбасымыз айтып кеткендей, қазіргі заман ағылшын тілін талап етуде. Ағылшын тілі бірінші дүниежүзілік әмбебап тілі болып табылады. Еліміздің тарихында болып жатқан әлеуметтік – экономикалық, мемлекеттік зор ұлттар мен ұлыстардың бір-бірін түсінуіне халықаралық сипат алған ағылшын тілінің өзіндік рөлі зор. Әлемдегі көптеген елдер ағылшын тілінде сөйлейді. Бұл тіл қазіргі заманда жаһандық тіл болғандықтан, оның Қазақстандағы рөлі және болашақтағы маңызы ерекше. Үштілді жүйе барлық қазақ­стан­дықтар үшін бірдей жағдай жасайды, барлық адамдарды ақпаратқа жету жолында тең мүмкіндікпен теңестіреді. Әлемнің озық дамыған елдері­нің қатарына енуге ұмтылған Қазақстан­ның ғылым мен индустрияны дамыту орайында басқа елдерден қалып қоймауы өте маңызды. Ал, жастардың ағылшын тілін білуі ІТ-технология, машина жасау, биомедицина, кибернетика және адамзат ақыл-ойының басқа да аса маңызды салаларындағы жаңа мағлұмат-деректерге қолжетімділікті қамтама­сыз етеді.

Үш тілде білім беру жобасы негізінен, қазақ тілінің аясында жүзеге асатыны белгілі. Үш тіл білу «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деп қазақ мақалы айтқандай, қо­ғамның интеллектуальдық мүмкіндігінің кө­те­рі­луіне, маманның бәсекеге қабілетті, икем­делгіш болуына ықпал етеді. Білім беру үрдісінде үш тілді меңгерудің қажеттігі мен үштұғырлы тіл саясатының күн тәртібіне шығу себебі әлемдік ақпараттық кеңістіктің дамуы үшін, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін, білім алу кеңістігінің біркелкі болуын қамтамасыз ету үшін қажет болуымен түсіндіріледі.

Үштілділіктің пайдасы мол екендігін айтып жатармыз, ал енді адам қанша тіл білуге қабілетті деген сауалға үңілейік. Шет тілін білудің адамға мол пайдасы болмаса, зияны тимесі анық. Мұндай дағды ақыл-ой қоржынына үлес қосып, көптеген мамандықтың есігін айқара ашып береді. Дана халқымыз бұған «қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» деп, өзге елдің тілін үйренуге жоғары бағасын әлдеқашан беріп қойған. Бүгінде екі-үш шет тілін білумен ешкімді таң қалдыра алмайтынымыз белгілі. Жаһандану дәуірінде бірнеше тілді жетік меңгеру – мансап баспалдағында жоғарылаудың басты шартына айналды. Әдетте, төрт шет тілін білетін адамды полиглот деп атаса, ал одан да көп тіл білгенді – гиперполиглот дейді. Қазіргі таңда ғалымдар қажет болған жағдайда әрбір адам қалаған тілін меңгере алады деп санайды. Зерттеулер адам миы барлық мүмкіндігінің тек 10%-ын ғана іске қосатынын дәлелдеген. Яғни, біз 10 есе тиімді жұмыс істей аламыз және 10 есе көп ақпаратты меңгере аламыз.

Әлемге әйгілі полиглоттарды назарларыңыз-ға ұсынсам танымал неміс археологы Генрих Шлиман жұмыстан бос уақытында шет тілдерін үйренумен айналысқан екен. Бұған сүйікті ісі ретінде қараған ол, өмірінің соңына дейін он бес тіл үйренген. Археологтың аталған білімі әлемнің түрлі бөліктерінде жүргізілген қазба кезінде бірнеше рет өз пайдасын тигізіпті. Йохан Вандевалле – отыз бір тілді меңгерген белгиялық инженер-архитектор. 33 жасында «Polyglot of Flanders» байқауында жеңіске жетіп, «Вавилон сыйлығын» иеленген. 60 жасар полиглот, сонымен қатар, түрік тілін үйренудің жетілдірілген әдісін жасағаны үшін Анкара университеті атынан марапатталған. Ал, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы Семейдегі Ахмет Риза медресесіне барып жүріп, қосымша орыс мектебінде білім алған. Араб, парсы, татар, көне түркі және шығыс тілдерін жетік біліп, Науаи, Фирдауси, Низами, Сағди, Шәмси, Хафиз, Сәйхали сынды шығыс шайырларының жазбасын түпнұсқада оқыған. Мұндағы бір тоқталар жәйт, ғалымдар зерттеулерге сүйене отырып, үйренер тіл санында ешқандай шектеу жоқ деген қорытынды шығарған. Олардың айтуынша, адамдардың өз қалауы және өмірінің қысқа мерзімділігі ғана кедергі болмақ. Яғни, біз күшіміз бен уақытымыз қаншаға жетсе, сонша тілді меңгере аламыз деген сөз. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» де-ген өлең жолдары текке айтылмаған. «Өзге тіл тірлік үшін, өз тілің бірлік үшін» Қандай тілді оқысаңыз да, тілді меңгеру барысы сізді байыта түсетінін ұмыт­паңыз, сіздің ойыңыз өседі, жаңа білім, жаңа тәжірибеге алып келеді, тұлға ретінде танымыңыз кеңейіп, айналаңызды жақсарта түсетініңізге күмән жоқ.

А.ЖАҚЫП.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *