Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қашанда білім мен тәрбие беру мәселесіне ерекше маңыз беріп келеді. Сәйкесінше, білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау – заман талабы. Құрылғанына 4 жылдан енді асқан Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының аумағы ұлғайып, халқының саны артқан сайын білім беру мекемелеріне сұраныс та артқан. Рухани қаламыз дамыған сайын білім саласы да дамудың даңғылына түсті. Жыл сайын жаңа мектептер мен жаңа балабақшалар есігін айқара ашты. Түркістан облысының аудандарында да дәл осындай ілгерілеушілік бар. Бұған мемлекет тарапынан білім саласын қолдау шаралары да өз септігін тигізіп жатқаны анық. Одан бөлек, соңғы жылдары үнемі жаңғырып, жаңарып, дамып жатқан инновациялық жобалар да жеткілікті.
Республика бойынша әрбір жетінші бала Түркістан облысында білім алатынын ескерсек, өңірдегі бұл салаға артылар жүктің де жоғары екенін байқаймыз. Өңірде биыл алғашқы қоңырауға 510 мыңнан аса оқушы қатысты. Ал 52 123 бала мектеп табалдырығын аттады. Осынша бала 905 мемлекеттік 56 жекеменшік білім беру ұйымында білім алады.
Бүгінде оқушылардың білім сапасы халықаралық зерттеулердің (PISA,TIMSS, TALIS, PIRLS) қорытындысымен айқындалатыны белгілі. Өңірде аталған жоба шеңберінде білім сапасын көтеру үшін педагогтердің біліктілігі мен оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Биыл қосымша жан басына шаққандағы қаржыландыруға өткен 92 мектептің 28-і 480 млн 267 мың теңгеге 57 (физика-14, химия-14, биология-16, STEM-13) пәндік кабинетімен жабдықталып жатыр. Облыс әкімдігінің Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы жаңа оқу жылында «Кибернет Академиясымен» бірге Түркістан және Кентау қалаларында педагогтердің IT құзіреттілігі мен математикалық біліктігін дамытуға бағытталған «Математикаға дайындықтың жаңа технологиясы» бағдарламасын енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Бағдарламада мұғалімдер Республикалық физика-математика мектебінің, Қазақ-Британ технологиялық университетінің әдістемесін пайдаланатын болады. Сонымен қатар «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 2025 жылға дейін 324 мектептің кітапханасы жаңғыртылмақ. Заманауи кітапхана оқушының кітап алып, кітап оқитын орны ғана емес, баланың толыққанды ақпарат алып, ізденетін, еркін ойлы қатарластарымен бірге тиімді уақыт өткізетін ортасы болуы тиіс. Енді Түркістан облысының білім беру ұйымдарындағы кітапханаларда IТ жабдықтары бар Coworking – орталықтары ашылатын болады», – деді ол.