Қазіргі таңда мемлекет алдындағы басты талаптардың бірі — бәсекеге қабілетті үздік елдің отыздығына кіру. Осы мақсатта Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялаған болатын. Онда 2025-ші жылға дейін толық латын қаріпіне көшу жоспарланып, нақты тапсырмалар берілді. Кирилица таңбасын 80 жылдан астам уақыт пайдаландық. Халықтың басым бөлігі осы қаріпке бейімделіп, төселіп кеткендіктен көпшілік арасында пікір екіге жарылды. Тарихи маңызы бар оқиғаға халықтың көзқарасын білу мақсатында Түркістан қаласының тұрғындары арасында арнайы сауалнама жүргізіп көрдік. Көпшілік не дейді, көз жүгіртіп көрейік.
Гүлмира Ерлібайқызы, филолог:
— Мен, егемен еліміздің жалынды жас буын өкілі ретінде Елбасы жарлығын толығымен құптаймын. Себебі, Қазақстан жастарының болашағына осындай шешім үлкен септігін тигізеді. Өйткені, тек ел экономикасын көтеріп, дамыған отыз елдің қатарына жетелеумен шектелмейді. Азаматтардың әлемдік маңызы басым ағылшын тілінде оңай тіл сындырып, әлеуметтік желіні жетік меңгеруде басымдық болмақ. Сондай-ақ, жаңа технологияны игеріп, ғылыми жаңғыруымызға да үлес қосары анық. Өзім болашақ тіл маманы ретінде де тиімді тұстарын атап көрсете аламын. Көше бойындағы төл дыбыстарымыздан кететін сауатсыздықтың алдын алар нақты шешім. Қазақ халқы үшін ғұмырын қиған ұлт жанашырларының атымен берілген көше, мекеме атауынан кеткен қатеден көз сүрінеді. Сондай кезде «қайран, қапыда кеткен қазағым –ай, өзгеге мазақ болмасақ еді»,- деп қынжылатын едім. Жаңа жүйе осы олқылықтың алдын аларына сенімім мол.
Ділдәкүл Ахметова, Түркістан қаласының тұрғыны:
— Бұл жазу — еліміздің қарыштап дамуының кепілі. Халықтың сауаттылығын арттыратын көрсеткіш деп білемін.Негізі, бұл мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бастап көтерілген еді. Сәті түспей, шешім қабылданбады. Егемендік алған тұста дер кезінде қолданысқа түскенде білім –ғылым қазіргіден де қарқынды жетістіктерге жетер ме едік? Алайда, әлі де кеш емес. Латын қарпі бізге таңсық емес. Ұлт тарихында 10 жылдай қолданыста болған. Сол жылдары көршілес бірқатар мемлекеттерге танылып, беделіміз арта түскен. Қазіргі таңда, билік басындағылардың қабылдаған шешіміне оң көзқараста болып,ел болып қолдау көрсету қажет. Жұдырықтай жұмылып, бірлікте іс қылсақ қана, қазақ үшін алынбайтын қамал, бағынбайтын белес болмауы мүмкін емес. Неқұрлым ерте әрекетке көшсек, соғұрлым өркениетті елдермен тереземіз теңесе алады. Дамыған мемлекеттермен қатар иық тірестіріп, бәсекеге қабілетті боламыз.
Мен балаларымыздың болашағы үшін қуаныштымыз. Келер ұрпақтың өркениетті мемлекетте өсіп — жетілеріне сенімім мол.
Диана Сейтхан, кондитер:
— Әлемнің әр түпкірінде 5 млн.-ға жуық қазақ өмір сүреді. Бейресми деректерге сүйенсек, олардың 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Біз де латынша жазсақ қандастарымға бір табан жақындар едік. Ұлтжанды ұрпақ үшін мұның маңызы басым. Түркі тілдес халықтар арасындағы тіл тазалығы сақталады. Тілдік тұрғыда әрі қарай дамуымыз үшін де ықпалы мол. Фонетикалық, грамматикалық сауатсыздық та тыйылар еді. Өз басым, жаңа жүйеге көзқарасым оң. Барынша қолдап, дамуы үшін көмегімді аямаймын.
Аңсаған Жаналиева, тіл маманы:
— Бұл – заман талабы. Ең бастысы, әркім өз жұмысын білуі керек. Қазір бір сөз бірнеше түрлі нұсқада жазылады.Бұл тіл білімі мамандары арасында қарама қайшылық тудырып жатыр. Осындай заңдылықтарды біріздендіріп алу үшін латын қарпі оңтайлы.
Қазірдің өзінде жастар тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Менің замандас достарымның арасында осы таңбамен жазу сәнге айналды. Күн өткен сайын артып жатыр десем де болады. Жастардың қызығушылығы артқан. Тіпті, ұялы телефонға орнататын арнайы программа да қолданысқа енген. Мен өзім де әлеуметтік желіде латын әріпін қолданамын. Менің ойымша, латындық әліпбиге көшсек, өзге ұлт өкілдері де қазақтың баға жетпес құнды мәдени –әдеби мұраларымен танысып, ұлтымызға деген құрметі артар еді. Біз, қазақстандықтар, бірауыздан латын әліпбиін үйренуге, меңгеруге дайын екенімізді көрсетіп, мемлекеттік маңызды мәселеге қадам басуға ауызбіршілікпен қолдау көрсеткеніміз жөн.
Мадина Мұратбекова, медбике:
— Бұл қазақ тарихында қалар елеулі оқиға екені даусыз. Еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-ағартушылық дамуын, халықаралық кеңістіктегі орнын, ішкі және сыртқы жағдайды жан-жақты ескерген Мемлекет басшысы қазақ ұлтының алдына үлкен міндет қойды.Әрине, латын қарпіне көшу ұзақ уақыт, қомақты қаражат, сонымен қатар, ең бастысы — интеллектуалдық күш-жігер керек. Кеңес одағы ыдырап, біздің елімізбен қатар егемендік алған көрші мемлекеттерінің өзі латынға көшіп үлгерген. Біз осы бауырлас мемлекеттеріміздің латын әліпбиіне көшуіндегі орын алған олқылықтарын қайталамайтын оңтайлы жолды қарастыруымыз қажет. Келер ұрпақ екі кеменің басын ұстамайтындай, көпшілікке түсінікті, тілдік ортаға икемді боларына көңіл бөлгенді жөн көремін.
Мұны тез арада қолға алған жөн. Сондай-ақ, латын қарпін сауатты жазатын, оқитын мұғалімдер дайынлау қажет. Осы бағыттағы жұмыстардың бәрін тез арада тиянақты жүзеге асырсақ, ұтарымыз мол болмақ.
Мұхаммед Қонысбай, заңгер:
— Қазақ әліпбиі тариында, 3 таңба болған. Ол кезеңде бүгінгіідей жағдай қалыптаспаған. Соған қарамастан, қазақ сауатсыз болған жоқ. Оған бүгінге жеткен құнды жазбалар мен әдебиетіміз дәлел. Қазіргі таңда, білім алуға барлық жағдай жасалған. Латын әліпбиіне көшу ісі де қарқынды жүзеге асып жатыр. Бұған үрке қарайтындарға таңым бар. Тек сөзден іске көшу керек. Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Бүгінде бастауыш сыныптарда оқитын бүлдіршіндер ағылшынша үйренуде.Мектеп бітіруші түлектер жоғары білімін жетілдіру үшін шетел асып кетіп жатыр. Себебі, ғылыми деректер латын тілінде көбірек. Жаңа қаріпке көшсек, түлектер елімізде жүріп — ақ білікті маман бола алады деп ойлаймын Осы тұрғыдан алғанда латын әліпбиіне көшуден қорқудың еш қажеті жоқ. Бұл қадамға бару болашақ үшін маңызды екеніне басқалар да көз жеткізсе деймін.
Гүлназ Нұрбекова, мұғалім:
-Мен өзім, жас мұғалім ретінде бұл шешімге қолдау білдіремін. Жаңа жүйеде білім жетілдіріп, ауыл балалары осы қарпте сапалы білім алып, білім көкжиегін кеңйтуіне барынша ықпал жасауға әрдайым дайынмын. Айта кететін тағы бір жайт, біздің қазақ тіліндегі төл дыбыстарымыздан кететін олқылықтың орнын толтыратын таптырмас шешім дер едім. Қазақстанда өмір сүргенімен туған ана тілін меңгермеген азаматтар үшін де тиімді. Осы әліпби арқылы олардың қазақ тілін үйренуі оңайға соғады деп ойлаймын. Менің ойымша, Елбасының бұл шешімі көптен күткен кезек күттірмес іс болды. Себебі, еліміз егемендік алғалы, тіліміз бен салт-дәстүрімізді, тарихи құндылықтарымызды енді түгендеп, ұмыт болған ұлттық қазыналарымызды қайтарып жатқан тұста қазақ әліпбиін латынға көшіру туралы бірқатар азаматтарымыз құнды пікір айтқан болды. Бірақ, осы уақытқа дейін сәті түспеді.
Қайсар Маратұлы, Түркістан қаласының тұрғыны:
— Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, бұл мәселенің тиімді және тиімсіз тұстары бар. Әсіресе, көнекөз қариялардың қабылдауы қиынға соғатын сияқты. Газет – журнал, оқулықтардың бәрі осы әліпбиге көшсе, күнделікті ақпаратты газеттен оқып, бос уақытында кітап ақтаратын ақсақалдарға қиынға соғуы ықтимал. Олардың есте сақтау қабілеті төмендегендіктен жаңа жүйені бірден қабылдай алмайтыны ақиқат. Ал, келесі тұғыдан қарасақ, дамыған елдердің 80 пайызы осы латын әліпбиін қолданады екен. Бұл тұста ұтарымыз көп. Себебі, латындық қаріп – білім — ғылым таңбасы. Қаншама құнды мағлұматтар мен ақпараттармен таныса аламыз. Өркениетке деген көзқарасымыз шыңдалады. Жаңа техниканы меңгеруге мүмкіндік молаяды. Шекара сыртындағы қандастарымыз да ана тілімізде туған тілінің құндылықтарына қаныға алады. Елдегі саясатпен танысып, соңғы жаңалықтардан хабардар бола алады.Келісіп пішкен тон келте болмасы анық. Билік басындағылар ел болашағы үшін ең тиімді шешімді қабылдады деп ойлаймын. Халық үшін ең бастысы, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылық.
Түйін:
Латын әліпбиіне көшу туралы ҚР Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жариялаған болатын. Елбасы жүктеген міндет 2025 жылға дейін жүзеге асуы қажет. Бұл тұрғыда орындалуы тиіс істердің басында барлық саладағы іс қағаздар мен оқулықтарды аудару тұр. Сондай-ақ, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырған болатын. Уақытты тиімді пайдаланып, жұмысты қазірден бастап қолға алу қажет. Күн санап көркейіп келе жатқан ел үшін қайта жаңғыру заманындағы барлық озық технологияның үлгісі — латын әліпбиі.Бұл мәңгілік ел болуға талпынған мемлекетіміз үшін үлкен рухани құбылыс. Латын әліпбиін енгізу – халқымыздың білімі мен мәдениеті, өнерінің дамуына тағы бір серпіліс әкелетін дара жол. «Қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші – латын жазуына көшу» деп атап көрсеткен Елбасының, бұл қадамы әлем қазақтарын біріктіретін маңызды фактор.
Дидар Өмірзақова