Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев «Turkistan» телеарнасының ұжымымен кездесті. Ашық форматта өткен бейресми жүздесуде журналистер өз пікірлері мен ұсыныстарын айтып, ақпараттық саланы дамыту жөнінде ой қозғады. Облыс әкімінің орынбасары журналистика саласының маңызы зор екенін айта келе жас телеарна ұжымының бастамаларын, жобаларын жоғары бағалады.
– Журналистика саласының өкілі болғандықтан сіздердің жұмыстарыңызды, ой еңбегінің қиындықтарын жақсы білемін. Түркістан облысының оң имиджін қалыптастыруда, ақпараттық және идеологиялық бағыттарды жүзеге асыруда телеарнаның маңызы зор. Түркістан облысының құрылғанына биыл 5 жыл толады. Қаланың қалыптасу кезеңі аяқталып, инфрақұрылымы қаланды. Енді даму кезеңіне қадам басамыз. «Turkistan» телеарнасы да қалыптасып болды деп ойлаймын. Енді сіздер де жаңа идеяларды жүзеге асыру, даму кезеңіне келіп тұрсыздар. Өңірдегі жаңалықтарды жедел шығару, еңбек адамдарын насихаттау, ел ішінде жүрген танылмаған таланттарды таныту, туризм, спорт, медицина және өзге де салалар бойынша жаңа бастамалар қажет. Телеарнаға қолдау көрсету жалғасады және күшейтіледі. Сіздердің идеяларыңыз бен ұсыныстарыңызды тыңдапл, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Бейсен Дәулетұлы.
Телеарна директоры Жанахмет Ағыбаев телеарнаның материалдық-техникалық базасы жақсарып, бірқатар өзекті мәселесі шешімін тапқанын мәлімдеді. Сонымен бірге жаңадан жүзеге асырылатын жобалармен таныстырды. Халық сұранысына сай әлеуметтік желілерде де ақпараттық жұмыс жанданатынын атап өтті.
Кездесуде телеарна журналистері көкейде жүрген сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Сонымен бірге Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев пен Түркістан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Мира Сүлейменова да ақпараттық саладағы түйткілдер бойынша пікірлерін айтып, журналистермен тығыз байланыста жұмыс жүргізу жалғасатынын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі