Түркістан облысына жақын күндері 17 мың тонна жуық, яғни 242 вагон көмір жеткізіледі. Бүгінде темір жол тұйықтарында жалпы 6591 тонна көмір қоры жинақталған. Оның ішінде Түркістан қаласында 3483 тонна, Арыс қаласында 1035 тонна, Сайрам ауданында 400 тонна, Сарыағаш ауданында 1173 тонна, Созақ ауданында 500 тонна көмір жиналып тұр.
«Қазақстан темір жолы» АҚ ақпаратына сәйкес, соңғы мәлімет бойынша Сарыағаш ауданының тұйықтарында 17 вагон көмір бар. Облысқа қосымша 242 вагон жолда келе жатыр. Оның ішінде Сарыағаш ауданына қосымша 70 вагон жеткізілмек. Жылыту маусымының барысы бақылауға алынған және штаттық режимде өтіп жатыр.
Соңғы кездері жылыжай иелері тарапынан арзан көмір тапшылығы жөнінде мәселе көтерілуде. Жылыжайлар жеке бизнес субъектісі болғанымен облыс әкімдігі тарапынан осы саладағы кәсіпкерлерді қолдау, жылыжайларды қолжетімді бағадағы көмірмен қамту шаралары жоспарланып жатыр.
– Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан жылыжайларды бизнес субъектісі ретінде бөлек шығару жөнінде, яғни олар кен орнынан жеке өздері сатып алу керек, деген ұсыныс бар. Бірақ оған қарамастан, жоспарда жеке тұрғындармен қатар жылыжайларды қамту да бар, – дейді Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Марат Байғұнысов.
Түркістан облысы көлеміне жалпы көмір отынының қажеттілігі 900 мың тоннадан асады. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық салаға 250 мың тонна көмір қажет. Тұрғындардың қажеттілігі: (жылыжайлар мен жеке тұрғын үйлер) 658,4 мың тонна. Тасымалданғаны 605 мың тонна немесе 92%.
Түркістан облысында былтыр 101 гектарға жылыжай салынып, жалпы көлемі 1625 гектарды құрады. Бұл – республикадағы жалпы жылыжайлардың 71 пайызы.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі